Шетелдік жұмысшылар квотасы 29-мыңға азайтылды

1292

Шетелдік жұмысшысы бар ірі компаниялар ұдайы тексерілмек.

Шетелдік жұмысшылар квотасы 29-мыңға азайтылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдік және отандық жұмысшылардың еңбекақы теңсіздігіне бірден әрекет етуі керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді.

"Өңірлерге жасаған сапарларымда біздің азаматтарды жұмыс беруші тараптың кемсітуіне жол бермеу керектігін айтып жүрмін. Сіздер де бұл мәселені көтергенсіздер. Менің тапсырмаммен өткен айда  шетелдік жұмыс күшін тартып отырған кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша тексеру жүргізілді. Осы уақытта 95 компания инспекциялық тексеруден өтіп, 930 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде шетелдік қызметкерлердің  жұмысы берілген рұқсатнамаға сәйкес келмеуі, атқарып отырған лауазымы мен білімінің сәйкессіздігі жиі кездескен. Осы талдаулар мен  құзыретті органдардың тексеруі негізінде  және Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  бірқатар өзгерістерді әзірледі", – деді Президент.

Оның айтуынша, аталмыш өзгерістер үш негізгі мәселеге қатысты болып отыр.

 

"Біріншіден,  2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы айтарлықтай қысқарады. Қысқарту 40 пайыз шамасында болады. 2019 жылы 49 мың болса, 2020 жылы 29 мың болады. Екіншіден, жұмысшылар саны 250 адамнан асатын, 30-дан артық шетелдік жұмысшы тартқан барлық кәсіпорындар ұдайы тексерілетін болады. Енді Еңбек министрлігі әлеуметтік-тұрмыстық жағдай мен еңбекақы теңсіздігі сияқты заңбұзушылықтарға жедел әрекет ете алады.  Осылайша мәселенің жылдан-жылға қордалануына жол берілмейді. Үшіншіден, шетелдік жұмыс күшіне квота тағайындау және рұқсат беру ережесі қайта қаралады. Төртінші санаттағы жұмысшы мамандығы бойынша шетелдік жұмысшының  санын қысқарту мәселесі де қайта қаралады. Сондай-ақ, мамандардың жергілікті құрамына қатысты талаптар күшейтіледі", – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.

Есімжан Нақтыбайұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу