ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар сотта кінәсін мойындады

217

Келесі сот отырысы 26 наурызда өтеді.

ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар сотта кінәсін мойындады Фото: gov.kz

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыс орталығының бұрынғы әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап. 

Экс-шенеунікке екі бап бойынша айып тағылып отыр: "Алаяқтық" және "Ірі көлемде пара алу". Прокурор айыптау актісін екі эпизод бойынша оқыды.

"Бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен әкімі болған кезінде болған. Айыптау нұсқасына сәйкес, тергеу барысында жәбірленуші деп танылған адамнан қалалық кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік алу үшін өтініш рәсімдеуді сұраған. Ол өтінішті орындап, 2021 жылы шыққан Toyota Camry 75 көлігін алған. Кейін жәбірленуші көлікті қала әкімдігіне әкеліп, кілтін тапсырғаннан кейін оны қайта көрмеген. Уақыт өте келе көлік үшінші тұлғаға рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгіге ауыстырылған, оны айыпталушы пайдаланған. Осылайша жәбірленушіге 13 миллион теңге көлемінде шығын келген. Бұл эпизодқа сәйкес, Жақсылық Омар ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1, 2-тармақтары (Ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша айыпталып отыр. Сот отырысында жәбірленуші шығын толық өтелгенін айтып, ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді", – деп жазылған материалда.

Екінші эпизод биылғы ақпан айының басында болғаны айтылған. Іс материалдары бойынша Жақсылық Омар қала әкімдігі қызметкерімен кездесуде 20 миллион теңге әкелуін айтқан. Айыпталушы бұл талап емес, өтініш болғанын айтады. Бірақ айыптаушы тарап мұны қамқорлық көрсету үшін пара алу әрекеті деп бағалады.

Әкімдік қызметкері Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген. Арнайы қызметтің бақылауымен ол Жақсылық Омармен қайта кездесіп, ақшаны бөліп беруді ұсынған, ал айыпталушы бұған келіскен. Сол күні үшінші тұлға арқылы күдіктіге 6 миллион теңге қолма-қол ақша берілгені жазылған. Ұстау кезінде күдіктінің үйінен және жұмыс орнынан 5,6 миллион теңге анықталды.

БАҚ-тың жазуынша, сотталушы кінәсін толық мойындады. Оның қорғаушылары бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Олардың айтуынша, күдіктінің туыстары айыппұл төлеуге қажетті қаражатты жинады. Төлем қабілетін растау үшін шотта 112 миллион теңге бар екені көрсетілген құжат ұсынылды.

Енді келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленіп отыр.

Айта кету керек, бұған дейін Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын жазғанбыз. Оған екі бап бойынша айып тағылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу