Облыста үш күнде 189 тонна шөп өртеніп кетті. Мамандар тілсіз жау абайсыздықта болған дегенмен, қасақана өртеуі мүмкін деген де күдік бар.
Алғашқы өрт өткен жұма күні Шар қаласындағы жекеменшік үйлердің бірінің ауласында шықты. Қысқа әзірлеген мал азығы – 20 тонна шөп тып-типыл болған.
Дәл сол күні Ертіс ауылдық округының "Васюха" учаскесінде тілсіз жау 130 тонна шөп пен 35 гектар қураған шөпті жалмап қойды. Өрт сөндірушілерге өртті ауыздықтауға он сағаттан артық уақыт қажет болды.
Ал сенбі күні Үржар ауданындағы екі ауылда тағы да шаруалар балалардың жауапсыздығынан малға әзірлеген шөптерінен айырылып қалды. Мақаншыда екі тонна, Бестеректе он бес тонна шөп жанып кетті. Мамандар екі жағдайда да балалар отты абайсыз пайдаланған деген болжам айтуда.
Малдың қыстық азығы ретінде әзірленген 12 тонна шөп бұдан кейін Зайсан ауданындағы Жаңатұрмыс ауылында өртенді. Переменовка ауылында жексенбі күні ашық алаңда жатқан тағы 10 тонна шөп жалынға оранды. Бұл жолы мамандар қасақана өртеуі мүмкін деседі.