Бүгін таңертең Алматы-Өскемен жолының 678-шақырымында ірі жол апатында бес адам қаза тапты, оның екеуі сәби, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үржар аудандық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы Айдар Саматеевтың сөзіне қарағанда, Үржар ауданына қарасты Қарақол ауылдық округінен Аягөзге бет алған "Ауди-80" автокөлігі Көкпекті ауданынан Шымкентке мал тиеп бара жатқан жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Бастапқы болжам бойынша жүк көлігінің жүргізушісі рульде ұйықтап кеткен көрінеді.
Жол апатынан бес адам жедел жәрдем жеткенше, оқиға орнында қаза тапты. Оның екеуі сәби. Біреуі - 2013 жылғы, екіншісі қырқынан жаңа шыққан нәресте. Екі адам жақын маңдағы Таскескен ауруханасына жеткізілген. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, екеуінің жағдайы өте ауыр. Жеңіл көліктегілер - Үржар ауданына қарасты Қарақол ауылының тұрғындары.
Үржар орталық аурухана директорының орынбасары Бейбіт Ғабдуллиннің айтуынша, аудан орталығынан сол жаққа дәрігерлер тобы аттанған. Қазір аман қалғандарының өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер барын салуда.