18 шілдеде Үржар ауданы "Мақаншы – Жалаңашкөл" тас жолының 128/22 шақырымында Geely, Kia Sportage және "Лада 21154-30" көліктері соқтығысқан.
"Жол апаты салдарынан Geely маркалы автокөлік жүргізушісінің 48 жастағы әйелі мен 13 жастағы ұлы, сондай-ақ "Лада 21154-30" маркалы автокөлік жүргізушісінің 47 жастағы жұбайы мен 18 жастағы қызы оқиға орнында қайтыс болды. Geely маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақатымен Үржар ауданы Мақаншы ауылының аудандық ауруханасына жатқызылды", – дейді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Апаттың мән-жайы әзірге белгісіз. Қазіргі уақытта оқиға орнында ШҚО ПД тергеу-жедел тобы жұмыс істеп, жағдайды анықтап жатыр.
Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 345 - бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.