Шығыстағы орманшылардың көлігі әбден ескірген

414

Өңірде сала маманы да тапшы.

Шығыстағы орманшылардың көлігі әбден ескірген Фото: Ашық дереккөзден

Шығыстағы орманшылардың техникалары әбден ескірген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Есепте бар ескі қызметтік көліктердің жүрмей тұрғаны қаншама?! Мұнда маман да тапшы. Осы жетіспеушілік салдарынан 2 жыл бұрын өртенген Риддер орман алқабын қалпына келтіру жұмысы әлі толық аяқталмаған.

2021 жылы мамыр айында Риддерде орман өренді. Қылқан жапырақтыларды қызыл жалын лезде орап, кейінірек қатты желдің салдарынан күш бермей кеткен еді. Сол кезде орман шетіндегі 35 үйдің де түгі қалмай жанып кетті. Бір адам қаза тапты. Тілсіз жаудан келген шығын 250 миллион теңгеден асқан-тын. Содан бері тұп-тура 2 жыл өтті. Қазір орманшылар өртенген 270 гектар алқапты тазалап, қайта көшет егіп жатыр.

"Жылынғаннан бастап, 3-май күні шықтық. Содан міне бүгінгі күнге дейін 100 гектар жер салынды. Енді жоспарда тағы 100 гектар отырғызу осы жерге", - дейді Риддер орман шаруашылығының директоры Ерік Рамазанов.

Орманшылардың жұмысына ескі техникалары қол байлау. Қызметтік көліктердің бәрі санда бар болғанымен санатта жоқ. Жүрмей тұрғаны көп. Сондықтан жұмыс өнбейді.

"Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған 2 өрт сөндіру машинасы ғана. Негізі 5 машина болу керек. Трактор жағынан да сол. 2 трактор ескі. 79 жылғы тракторлар бар", - дейді Риддер орман шаруашылығының механигі Нұрлан Қапастов.

Жалақының аздығы да орманшы мамандығына деген сұранысты қанағаттандырмайды. Сондықтан да машақаты көп жұмысқа жастар да көп келе бермейді.

Жалпы, Риддер орман алқабы 304 мың гектар. Мұнда екі жүздей орманшы болуы керек. Қазірдің өзінде қырықтан аса орманшы жетіспейді. Ол тек өртке қарсы емес, заңсыз ағаш кесетіндерге қарсы жұмыста да көп кедергі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу