Шымкент көк қала ма, тас қала ма?

375

Шымкент көк емес тас қалаға айналып барады. Еліміздегі үшінші қаланың экологиялық ахуалы мәз емес. Бұл  қаладағы белсенділердің пікірі.

Шымкент көк қала ма, тас қала ма? Фото: juan.livejournal.com

Олардың бұлай деуіне жергілікті биліктің қала айналасын индустриалды аймаққа айналдырып, көпқабатты үйлермен қоршап тастауы себеп болған. Экологтар мен сарапшылар не дейді? 

Шымшаһардың шырайына емес экологиялық жағдайына алаңдаушылардың бірі Бауыржан Әшірбаев. Экология мәселесін көптен бері көтеріп жүрген жан соңғы жылдары бұл жағдайдың күрделеніп бара жатқанын жасырмайды. Оған қаланың бей-берекет дамып жатқаны себеп дейді.

"Шым деген ол көк. Көк қала. Қазір мен біздің қаламызды "Тас қала" деп айтатын едім. Көк қалмады. Ағаш қалмады. Су жоқ. Ауа нашар.  Бас жоспарды қараған кезде осының бәрін шешу керек еді. Бас жоспарды қараған кезде мен барған едім. Соңында өз ұсынысымды жазған кезде менің ұсынысымды ешкім оқыған да жоқ", - дейді эко-белсенді Бауыржан Әшірбаев.

Бауыржан мырзаның айтуынша, қазір қаланың үш жағында да индустриалды аймақ бар. Ал бір шетіне көпқабатты үйлер шоғырланған. Жел қай жағынан тұрсада ортадағы халық өндіріс орындарынан шыққан зиянды ауаға тұншығады. Ал, сарапшылар көп қабатты үйлерде жасыл қала стандартына сай салынбаған деп отыр.

"Өкінішке қарай, көпқабатты үйлер электр энергияны екі есе көп тұтынатынына куә болып отырмыз. Мысалы, Шымкент жағдайында қазіргі кезде Қазақстанда бар стандарт бойынша ғимараттар бір шаршы метрге сағатына 60-тан 80 киловаттқа дейін тұтынуы керек, ал қазір біз көрген энергия аудиті бойынша тұтыну сағатына шамамен 140 киловатт. Бұл өте көп. Тіпті кеңес кезеңіндегі көрсеткіштен де жоғары. Бұл ғимараттарды күтіп-ұстауға, оның сапасынада әсер етеді", - дейді сарапшы Александр Белый. 


Сарапшылар қаланы айнала орналасқан өндіріс орындарынан шығатын зиянды ауаның мөлшерін азайту үшін олардың жауапкершілігін арттыру керек деп отыр. Бірақ, олай талап қоюға әлі ерте. Өйткені, біздегі заң бойынша өндіріс орындары тек 2025 жылға дейін ғана өздерінен шығатын зиянды қалдықтарды автоматты түрде өлшеуге міндеттелген.

"Қазір бизнеске қысым жасаудың қажеті жоқ, оларға өз стратегиясын құруға мүмкіндік беру керек. Өйткені, 2025 жылдан бастап  өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарындыларының негізгі көздерінде автоматты бақылау жүйесін орнатуы керек", - дейді сарапшы Галина Артюхина.

Белсенділер қанша дабыл қаққанымен билік "бәрі бақылауда, ауа таза" деуден танбайды. Бірақ, көк қала тас шаһарға айналып барады деген Бауыржан Әшірбаев оған сенбейді. Оның айтуынша, Шымкенттегі ауаның құрамын зерттейтін қондырғылар тек үш нүктеге ғана орнатылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу