Шымкентте 18-ден асқан балаларды оңалтатын жалғыз мекеме жұмыс істейді

564

Шымкентте мүгедектігі бар 18 жастан асқан балаларды оңалтатын мекеме жалғыз ғана. Ол Алмагүл Кенжетаева ашқан "Рахмет саған, Анашым!" деп аталатын мүмкіндігі шектеулі балалар аналарының қоғамдық бірлестігі.

Шымкентте 18-ден асқан балаларды оңалтатын жалғыз мекеме жұмыс істейді

"18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін ұйымды қиналсам да өзім бастап аштым. Өзімнің екі балам да мүгедектігі бар жандар. Бүгінде қалада 18-ге дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтатын мемлекеттік және жеке меншігі бар орталықтар көп. Бірақ бір өкініштісі 18 жастан кейінгі оңалту орталықтары мүлдем жоқ. Әкімдік тарапынан бүгінге дейін еш қарастырылмаған. Сондықтан қала билігі жаңа ғимарат алып беру жағынан біз секілді жандарға көмектессе екен", – дейді А.Кенжетаева.

Осылай деген кейіпкеріміз жергілікті биліктен ғимарат сұрап, 7 жыл табалдырығын тоздырған. Алайда бұл істен ешқандай нәтиже шығара алмады. Сөйтіп жүріп пәтерін сатып, оның ақшасын жер үй сатып алуға жұмсаған. Қазір сол үйінің бір бұрышын шағын оңалту орталығына айналдырып отыр. 

Алмагүл былтыр 12 мүгедек жанды тәрбиесіне алса, биыл 20 бала қамқорлығында.

"Ешкімге керек болмай қалған балалардың төрт қабырғаға телміріп отырғанын көргім келмейді. Жүрегім ауырып кетеді. Қоларбаға телініп, өлместің күнін кешкен балаларға қарап қалай жаның ашымайды?! Қай жерге көмек сұрап барсақ та, әкімдікке қарасты мекемелердің айтатын сөзі біреу ғана: бала 18-ге толып қойған дейді. Сонда 18-ден асқан соң аяғынан тұрып бір жүріп кететіндей. Ендігі жерде менің жобамды демеп жіберетін әкімдіктен бір көмек болса", – дейді А.Кенжетаева. 

Қоғамдық бірлестік төрайымы І және ІІ топ мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетумен бірге өз үйінің ауласында еңбекке баулумен айналысады. Ол көпшілігінің жұмыс істеуге деген қабілетінің барын көрсетіп жатқанын айтады. Еңбекке мүлдем жарамайтын балалардың өзі осындай қарым-қатынастың арқасында психологиялық қолдау, демеу табуда. 

Бұдан бөлек А.Кенжетаева елімізде бірінші болып инватуризм бастамасын қолға алып отыр. Сол бастаманың арқасында ата-анармен бірге балаларды кинопаркке қыдыртып, түрлі атракционға апарып, Біркөлік шатқалында 3 күнге демалып қайтқан. Осы бастамаға әкімдік тарапы алдағы уақытта қаржыдай қолдау білдірсе деп отыр. Тіпті бұл өтінішін "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының өкілдеріне де арнайы жеткізген.  

"Рас, қазір мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған отбасыларда бір адам бала күтіміне байланған. Күндіз-түні соның жағдайын жасаумен уақытын өткізеді. Осындайда ата-аналардың шаршайтыны, иықтары талатыны жасырын емес. Өйткені олар да пенде ғой. Ал мұндай 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған орталықтары ата-аналардың кішкене де болса демалуына, қолдарының босауына мүмкіндік берер еді. Сондықтан атқарушы билік, ғимарат жағынан жәрдем беріп, осындай мекемелердің қалада көбеюіне жағдай жасауы керек", – дейді А.Кенжетаева. 

Әнуар Жұмашбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу