Шымкентте Chevrolet Cobalt жеңіл көлігі мен Van Hool маркалы халықаралық бағытта қатынайтын жолаушылар автобусы соқтығысты, деп хабарлайды inbusiness.kz Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол апаты кезінде 5 адам зардап шексе, оның екеуі – кәмелет жасына толмаған балалар.
ПД дерегінше, жол апаты 19 наурыз кешкі сағат 21:15 шамасында Іляев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында болған.
Көлік-оқиғасы кезінде аталған екі көше қиылысындағы бағдаршам істемей тұрған. Соқтығыстан соң Chevrolet көлігінің қауіпсіздік жастығы бірден ашылған.
Бұл жүргізушінің ауыр жарақатының алдын алуға көмектескен. Көлік ішінде жүргізушіден бөлек екі балалы әйел болған.
Оқиға орнына келіп жеткен жедел жәрдем бригадасы зардап шеккендердің барлығына алғашқы көмек көрсетті.
Абырой болғанда зардап шеккендердің арасында ауыр жарақат алғандар жоқ. Ал автобус ішінде тек жүргізуші болған. Ол ешбір жарақат алмаған.
Полицейлер жол апаты бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.