12 маусымда Шымкентте полиция қызметкерлері агрессивті жүргізу белгілерін көрсеткен ер адамның басқаруындағы Daewoo Nexia көлігін анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жүргізуші жол жиегіне тоқтау туралы ескертуді елемеген. Кейін тоқтағандай кейіп танытып, полицейлер тексеруге жақындаған сәтте, кенеттен көлікті қайта жүргізіп кеткен.
Құқық бұзушыны тоқтатпақ болған полицейлердің бірі көліктің капотына шығып кеткен.
Бұған қарамастан, жүргізуші полиция қызметкерінің өміріне қауіп төндіріп, жоғары жылдамдықпен жүрді. Тек осыдан кейін ғана тәртіп сақшылары көлік құралын тоқтатып, күдіктіні ұстады.
Қазір билік өкіліне күш қолдану жайты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Заң және Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қол сұғушылық үшін жазаның бұлтартпастығы қамтамасыз етіледі.
Мұндай әрекеттер қауіпті қылмыстарға жатады және тиісті құқықтық баға алатын болады.