Шындық айтқаны үшін әкімдіктен 100 000 теңге "сыйақы" алған әжеміз кім?

1311

Кеше СҚО, Айыртау ауданындағы Кириловка селосында пай үлескерлерінің жиналысы өткен. 

Шындық айтқаны үшін әкімдіктен 100 000 теңге "сыйақы" алған әжеміз кім? Фото: inbusiness.kz

Онда ауыл тұрғындары Прокуратура мен әкімдіктен заңсыз кепілге қойылған ауыл шаруашылық жерлерін дереу қайтаруды талап еткен. Ал Айман Капарованың сөйлеген сәті камера түсіп, Instagram-ға жарияланған. Шырылдап тұрып, шындықты айтқан әжемізге оқырмандар жаппай қолдау білдіріп, таратқан. Қолдаушылар қатарынан Айыртау әкімдігі де қалыс қалған жоқ. Олар зейнеткерді тауып алып, 100 000 теңге көлемінде "сыйақы" табыстаған – дейді жерлестері. Әкім орынбасары Едрес Жәзитұлының бұл әрекеті жұрттың шамына тиген.

Айта кетейік Кириловканың жер дауы Бес ауылдың митингісінен кейін, яғни 2020 жылы басталған. Оған дейін 19 663 га        (егістік – 13 341 га, жайылым – 5733 га) алқаптың кепілге қойылғанын білмеген. Бұл Сарысай, Кутузовка және Кириловка ауылдарының жері. Оны жалға алған  "Алиби Агро" компаниясы, оның ішінде "Кирилловка-Айыртау" серіктестігі халықтың келісімінсіз "Цесна" банкке 20 000 000 $ кепілге қойып кеткен. Ал компания басшысы В.Я.Казаркин Ресейге қашып кеткен.

Кейін жеке сот орындаушысы А. Н.Коняхиннің 2019 жылғы 18 шілдедегі қаулысымен "Кирилловка-Айыртау" ЖШС шаруашылығының жер учаскелері "проблемалық кредиттер қоры"АҚ-ға берілді.

2021 жылы "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ "North Grain" ЖШС шаруашылығының жарғылық капиталына кірді. Сөйтіп аяқ астынан 3 ауылдың жеріне қожайын пайда болып, өз заңын орната бастайды. Олар ауылда тұрмайтын адамдарға пай бермейміз деп алалай бастаған.

Ал аудан әкімдігі Кәсіпкерлік туралы кодексті желеу етіп, мәселені шешуден бас тартқан. Бірақ күзгі орақ кезінде аудан басшылары егістік басынан шықпаған – дейді жұрт.

Бүгінгі таңда кепілге қою туралы хаттаманың жалған екендігі сотта дәлелденген. Оның ішінде Ресейге көшіп кеткен, қайтыс болған адамдардың қолдары болған.

Соған қарамастан қылмыстық істің сағыз созбаққа санынуда. Ол бекер болмаса керек.  Өйткені  "North Grain" компаниясының артында облыс әкімінің орынбасары Марат Тасмағамбетов пен экс-әкім Құмар Ақсақалов тұрғанына Кириловка халқы сенімді. Өйткені "North Grain" серіктестігіне субсидиялық қолдау қиындықсыз жасалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу