2012 жылдан бері Жапония үкіметін басқарып келген Синдзо Абэ отставкаға кетті. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлап жатыр.
Абэ либералды-демократиялық партияның өкілдерімен кездесу барысында ойық жаралы колит ауруының асқынуына байланысты ем қабылдайтынын мәлім етті.
"Жаралы колит қайтадан асқына бастады. Мен шешім қабылдадым", – деді ол жиында.
Бұған дейін ақпарат құралдары премьер денсаулығына байланысты отставкаға кететінін жариялаған еді. Соңғы кездері оның жағдайы нашарлап кетті. Өткен аптада ол Кэйо Университетінің госпиталінде медициналық тексерістен өтіп, 24 тамызда созылмалы ауруының асқынғаны белгілі болды.
Еске сала кетсек, 2007 жылы да Абэ дәл осы дертінің асқынуына байланысты премьерлік қызметінен кеткен еді. 2012 жылы денсаулығы қалпына келіп, ол қайтадан осы қызметке сайланды.
Табиғат Нұрболат