СҚО 2025 жылға қарай 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй беріледі

810

Биыл СҚО-да 300-ден астам жас маман "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып ала алады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.  

СҚО 2025 жылға қарай 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй беріледі

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. СҚО негізгі экономикалық көрсеткіштері мен іске асрылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады.

ҰЭМ басшысы өз сөзінде Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің стратегиялық аграрлық өңірі екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы облыстың жалпы өңірлік өнімінің шамамен 30%-ын қалыптастыратын экономиканың негізгі драйвері болып табылады.

"Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 71%-ға ұлғайды. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 5 жылда 1,3 млн теңгеге өсті. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 4 еседен астам ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5 жылда 1,7 есе ұлғайды. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі жыл сайын артып, 2016 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 24,4%-дан 31,5%-ға дейін өсті", - деп нақтылады Ә.Қуантыров.

Оның айтуынша, "Бизнестің жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында ШОБ субъектілері үшін өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,8 млрд теңге бөлінді. Жалпы кредит сомасы 44,2 млрд теңгені құрайтын 1 112 жоба субсидияланды.

"СҚО-да "Ауыл – Ел бесігі" жобасы шеңберінде ағымдағы жылы 48 жобаны іске асыруға 5,5 млрд теңге бөлінді. 40-тан аса елдімекенді қамту жоспарлануда. "Дипломмен ауылға" жобасы бойынша 2022 жылы 303 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беруге 1,4 млрд теңге жоспарланған", - деп хабарлады министр.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылғы мамырда Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыру 26 мың жаңа жұмыс орнын құруды, шамамен 1,3 трлн. теңгеге жуық жеке инвестициялар тартуды, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің бір жарым есе өсуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй беріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу