Солтүстік Қазақстан облысында білім беру саласындағы ең төменгі жалақы тіркелген. Осы жылдың бірінші тоқсанында жалақының орташа көрсеткіші 219,7 мың теңгені құрап, бір жылмен салыстырғанда 27,4%-ға өскен. Республика бойынша орташа көрсеткіш 234 мың теңгені құрады, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Елімізде білім саласына құйылған инвестициялар үлесі соңғы бірнеше жыл бойы бір көрсеткіште тұр. Тек қана 3%-3,5% шамасында ғана өзгеріп тұрады. 2016 жылы (2,5%) мен 2017 жылы (1,4%) тіпті аз болды.
Білім беру саласындағы инвестицияның 80%-ы өңір халқының жартысынан аз бөлігі тұратын бір ғана Петропавлға тиесілі көрінеді.
Биылғы бірінші жартыжылдықтағы қорытынды бойынша СҚО-да білім беру саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бір жылда 56,9%-ға немесе 3,3 млрд теңгеге дейін өскен. Республика бойынша білім беру саласына құйылған инвестициялар үлесі бұл өңірде 3%-ды ғана құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,2% болған.
2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында өңірде білім беру саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,3 млрд теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 2,3%-ға артық екендігін атап өту керек.
2022 жылдың бірінші тоқсанында Солтүстік Қазақстан облысының балабақшалары мен мектептерінде аттестация өткізілді. 2022 жылы барлығы 86 мекеме аттестаттаудан өтеді. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының басым көпшілігі тексеруден өте алмаған. Бес мектепке дейінгі ұйымның тек біреуі ғана аттестаттаудан өтті. Ал, 11 мектептің тек біреуі ғана бұл сынақтан өткен.
Өңір халқының басым бөлігі ауылдарда тұрады. Ал, 219,4 мың адам немесе өңір халқының 40,9%-ы Петропавлда тұрады. Білім беру саласындағы инвестициялардың 79,8%-ы облыс орталығына тиесілі.
СҚО-дағы 14 ауданның төртеуіне биыл білім беру саласына инвестициялар тартылған жоқ. 2022 жылдың 1 маусымындағы дерек бойынша аталған 4 ауданда 77,5 мың адам немесе өңір халқының 14,4%-ы тұрады.
Орта есеппен алатын болсақ, білім беру саласында облыстың әр тұрғынына жарты жыл ішінде 6,1 мың теңге қаражат жұмсалған. Петропавл (11,9 мың) және Тимирязев (11,2 мың), Тайынша (6,8 мың) аудандарында жан басына шаққандағы инвестициялар көлемі өңір бойынша орташа деңгейден біршама жоғары. Жамбылдан басқа аудандарда жан басына шаққандағы инвестициялар көлемі орташа деңгейдің жартысына да жетпеген.