Солтүстік Қазақстанда орақ басталғалы 1,4 млн тонна бидай жиналды. Ауыл шаруашылығы басқармасы берген соңғы мәліметке қарағанда, өнім әр гектардан орташа есеппен 14,6 центнерден айналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңірде орақ науқанын үйлестіру жөнінде жедел-әрекет ету тобы құрылған. Биыл диқандар қауымына Үкіметтен егін шаруашылығын дамытуға 213 млрд теңге бөлінді. Алқапқа 7 мың комбайн жұмылдырылған. Өңірде астық қабылдайтын 44 элеватор жұмыс істеп тұр.
– Күзгі дала жұмыстарын атқару үшін Үкіметтен 61 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның бір литрі шаруаларға жеңілдетілген бағамен, яғни 309 теңгеден сатылады. Бұл нарықтық бағадан 30-40 пайызға арзан, – деп мәлімдеді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дәурен Тоққожынов.