СҚО басшылығы Германияның "CLAAS" концернiмен келiссөздер жүргiзуде. Бұл жайында өңiр басшысы Құмар Ақсақалов облыстық әкiмдiктiң отырысында мәлiмдедi, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
"Бiз бұрынғы "Қазтехмаш" зауытының аумағында ауыл шаруашылығы техникасын жинайтын жаңа кәсiпорын ашуды жоспарлап отырмыз. Сәуiр айында немiстiң "CLAAS" компаниясымен келiссөздердi тәмамдаймыз. Бiздiң делегация Германияға барды, олардың өкiлдерi бiзге келдi. Ауыл шаруашылығы министрiне кiрiп шықты, барлық инстанцияларды өттi. Сәуiрдiң басында тағы кездесiп, нақты шешiм шығарамыз. Бұл компания комбайн, трактор және егiн себу кешендерiн жинайтын әлемдiк көшбасшы. Өте қызықты жоба болады", — дедi Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ өңiрде трансформаторлар шығаратын зауытты салу жөнiнде де мәселе қаралып жатыр. Қазiр жобаның құрылтайшыларымен келiссөздер жүргiзiлуде. Бұған қоса, "Зиксто" зауытының аумағында жаңа вагон жинау зауытын құру жоспарда бар. Өндiрiс ошағының қуаттылығы жылына 5 мың вагонды құрамақ.