Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов қоғамдық кеңес мүшелерін жинап, атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, деп хабарлайды 24.kz.
Ақсақалов қызметіне кірісе сала, Есіл өзені тасып, 15 ауылды, яғни 380 үйді су басты. Зардап шеккендерге 300 млн теңгедей өтемақы төленді.
Солтүстік Қазақстан – аргарлы аймақ. Биыл ауыл шаруашылығын дамыту үшін ел қазынасынан 44 млрд теңге бөлінді. Алайда әр 5-ші агроқұрылым ғана қаржыны тиімді жұмсап отыр. Жылда жиналатын бидайдың жартысы 4-5-ші, яғни төмен сыныпты. Жұмысшылардың жалақысы да төмен. 66-ақ мың теңге. Облыс әкімі осындай мәселелерді ашық айтып: "Басты байлық жерге деген жауапкершілікті арттыру керек", – деді.
Ауыл шаруашылығы машиналарының да жағдайы көңіл көншітпейді. Облыс әкімінің айтуынша, комбайн, тракторлардың жаңаруынан ескіруі басым. Сондықтан өңір басшысы техникалар мен қосалқы бөлшектерді өзімізде құрастыруды ұсынып отыр.
Құмар Ақсақаловты шаруасы шатқаяқтап, тоқтап тұрған кәсіпорындардың тағдыры алаңдатып отыр. Сөзіне сенсек, биыл осындай 5 өндірістің тамырына қан жүгірмек. Оның қатарында "Биохим" зауыты да бар.