Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласы бүгіннен бастап карантинге жабылды. Бұған – коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың артуы себеп, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО бас санитариялық дәрігері Серікбай Қасмақасовтың жаңа қаулысымен бүгін, 9 қазаннан бастап М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласына карантиндік шектеулер енгізілді. Қаулыға сәйкес ресми және жекеменшік жолаушы тасымалдаушыларға Булаев қаласынан басқа елді мекендерге және облыс орталығына жолаушы тасымалдауға тыйым салынды.
Қала тұрғындарына да бірнеше шектеу қойылды.
Булаев қаласында мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, медициналық мекемелер, қоғамдық тамақтану нысандары, БАҚ, жерлеу рәсімдері қызметі, азық-түлік, құрылыс материалдары, авто және ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін сататын сауда орындарынан басқа барлық кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысын тоқтатты.
Аумағы 500 шаршы метрден аспайтын дүкендер қалыпты режимде, ал аумағы одан үлкен сауда орындары сағат 9.00-ден 16.00-ге дейін ғана жұмыс істемек.
СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Булаев қаласын жабуға коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың артуы себеп болған.
Булаев қаласында 1 қазаннан бастап 15 науқас тіркелсе, аудан бойынша олардың саны - 24. "Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, облыс аудандарында 14 күннің ішінде ауырғандар саны 7 адамнан асатын болса, елді мекенге карантиндік шектеулер енгізіледі. Ал шағын ауылдарда бұл ереже коронавирусты жұқтырғандар саны 3-5 адамнан асса қолданылады", - дейді санитариялық дәрігерлер.