Солтүстік Қазақстан облысында есірткіні белгілі орындарға жасырып, оны табыс көзіне айналдырған 24 жастағы бойжеткен ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бойжеткен Петропавлда жалдамалы пәтерлерде тұрып келген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 24 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Бойжеткеннен ұнтақ тектес зат салынған полимерлік пакет алынды. Сараптама ол заттың салмағы 49 грамм болатын синтетикалық есірткі – мефедрон екенін көрсетті, бұл аса ірі көлемге жатады. Бұл 500-ге жуық адамды нашақорлықтың торына түсіруге жеткілікті мөлшер.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
"Ұсталған бойжеткен қамауға алынды. Жалпы жыл басынан облыста есірткіні сатуға қатысты 49 дерек тіркелді. Заңсыз айналымнан 383 кг түрлі есірткі алынды, оның ішінде 1,548 кг синтетикалық есірткі", – дейді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы Иван Терзиди.