Портал мәліметінше, 44 және 24 жастағы Тайынша ауданының екі тұрғыны облыстың ірі су айдындарының бірі — Чаглы көліне балық аулауға барған.
Түнде боран басталып, олар үйге қайтпақ болады. Бірақ, қар құрсауында қалып, олардың "ВАЗ-2110" қалың қарға батады.
Түні бойы боранмен алысқан балықшылар өздігінен шыға алмайтындықтарын түсініп, таңертең ерте телефон арқылы көмекке жүгінген.
Аудандық полиция бөліміне хабар жетісімен, бірден учаскелік инспекторлар жолға шықты.
Олар өздерімен бірге көлді және оның айналасын жақсы білетін Чермошнянка ауылының 48 жастағы тұрғыны Николай Долиненко ала жүрген.
Көп ұзамай құтқарушы топ әлсіреп, тоңған балықшыларды аман-есен тапты. Өз күштерімен жолды қардан аршып, тәртіп сақшылары қызметтік "Нивамен" балықшыларды жағаға шығарды.
Тұрғындар өз кезегінде қар құрсауынан құтқарған тәртіп сақшыларына алғыс білдіріп, полиция департаментінің бастығына хат жолдады.
"Әсіресе ауылдық жерлерде учаскелік полиция инспекторы атқаратын жұмыстың аясы кең. Ол құқықтық тәртіпті сақтаудағы басты тұлға, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздіктің түрлі мәселелерін шешеді. Қиын жағдайларда адамдарға көмекке жиі келеді. Алғыс сөздер қызметкерлерді қоғамның игілігі үшін одан әрі қызмет етуге ынталандырады", - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.