Өткізілген қарудың барлық үлгісі атуға жарамды деп танылды. Полицейлер облыс тұрғындарын тіркелмеген қаруды тапсыруға шақырады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
20 сәуірден бастап әрбір азаматта оны заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен құтылып қана қоймай, ақшалай сыйақы алу мүмкіндігі бар.

"Өңірде қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде ақылы тапсыру акциясы өткізіліп жатыр. Петропавл қаласында бұл мүмкіндікті үш адам пайдаланды. Полицияға 12 калибрлі Stoeger Model 2000, 28 калибрлі "ИЖ-ЗК" және 16 калибрлі "ТОЗ-Б" тегіс ұңғылы мылтықтар тапсырылды", – деп хабарлады Полиция департаментінің өкілдері.
Төлем мөлшері қарудың санатына байланысты:
- жаңалары үшін – 129 750 теңге;
- бұрын пайдаланылғандары үшін – 90 829 теңге.
Полицейлер еске салады: қаруды заңсыз сақтау қауіпсіздікке қатер төндіреді. Ерікті түрде тапсыру – жауапкершіліктен құтылудың жалғыз жолы.