2017 жылы қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті балаларға арналған 194 тауарды, соның ішінде 132 ойыншықты тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Балалар және білім беру объектілерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлнар Сейітованың айтуынша, 33 ойыншық қауіпсіздік талаптарына сай емес. Департамент мамандары үш сынамадан формальдегид және фенол концентрациясының айтарлықтай жоғары екенін анықтаған.
"Қытайда шығарылған "Карапуз" қуыршағында 0,4 мг/л формальдегид табылды. Ресейдің "Аэлита" зауытында өндірілген "Весенняя прогулка" сыйлығынан табылған формальдегид концентрациясы 0,13 мг/л-ге жетті. Бұл зат ойыншықтарда 0,1 мг/л болғанда ғана рұқсат етіледі. Ал ойыншық құрамында 0,05 мг/л болғанда рұқсат етілетін фенол мөлшері Ресейдің "Завод огонек" кәсіпорны шығарған "Лягушка с лягушатами" ойыншығында 0,09 мг/л екені анықталды", - дейді Гүлнар Сейітова.
Ойыншықтарды қостанайлық компания жеткізген. Компанияның өз қоймасы жоқ екені анықталды, олар тауарды сайт арқылы сатып алып, сатып отырған. Ойыншықтардың басқа сынамаларында маркалау қағидалары бұзылған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда да қауіп жоқ емес. Г. Сейітова берген мәліметтерге сүйенсек, талапқа сай емес ойыншықтар өндіру бойынша Қытай (57,6%) алдына жан салар емес. Оған ілесе Ресей (27,3%), Украина (9%) және Беларусь (6,1%) өндірушілері келеді. Жалпы соңғы екі жылда ондай ойыншықтардың мөлшері СҚО-да айтарлықтай қысқарды.