СҚО-да мас жүргізушілердің кінәсінен 81 жол-көлік оқиғасы тіркелген

1084

Облыста жыл басынан жүргізуші куәлігінен айырылып, қайта мас күйде көлік жүргізгені үшін 65 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

СҚО-да мас жүргізушілердің кінәсінен 81 жол-көлік оқиғасы тіркелген

Солтүстік Қазақстан облысында көлік басқару құқығынан айырылса да, мас күйде рульге отырған 65 жүргізушіге қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Петропавлдағы Интернациональный көшесінің бойында патрульдік полиция қызметкерлері "ВАЗ" автокөлігін тоқтатқан. Көлікті 34 жастағы Қызылжар ауданының тұрғыны басқарған. Медициналық куәландыру жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғандығын көрсетті. Құжаттарды тексеру барысында оның ұқсас құқық бұзушылық үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Ол осыдан екі жыл бұрын көлікті мас күйде жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Алайда наурыз айында қайта мас күйде көлік айдап қолға түсті. Оның үстінен ҚР ҚК 346-бабының 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Үшінші мәрте ұсталған Қызылжар ауданының тұрғыны іс сотқа жіберілгенге дейін уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Көлікті мас күйде басқарғандарға, әсіресе бұған дейін көлік басқару құқығынан айырылған болса қатаң жаза қолданылады. ҚР Қылмыстық кодексі 346-бабына сәйкес 200 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі немесе 50 тәулікке дейін қамалуы тиіс. Қазіргі уақытта 34 жастағы құқық бұзушыға қатысты қылмыстық іс сотқа қарау үшін жіберілді.

СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембиннің сөзіне қарағанда, қатаң жаза аса ауыр қылмыстардың алдын алу үшін қажет. Өңірде мас жүргізушілердің кінәсінен 81 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан ондаған адамның денсаулығына зиян келіп, түрлі дене жарақатын алды.

Жалпы облыста жыл басынан жүргізуші куәлігінен айырылып, қайта мас күйде көлік жүргізгені үшін 65 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, барлық іс сотқа жолданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу