Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Гусаковка ауылында 16 жастағы оқушы қыз ауруханаға жатқызылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 4 ақпан күні таңертең оқушы қыз сабаққа келіп, сыныптан әжетханаға сұранып шыққан. Оның қолында 70 пайыздық сірке суы құйылған шөлмек болған. Мектептің әжетханасында ол сұйықтықты ішіп қойған, салдарынан ауыр химиялық күйік алды.
Біраз уақыттан кейін мектеп қызметкерлері оқушыны ауыр жағдайда тауып алып, жедел жәрдем шақыртқан. Зардап шегуші шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілді, кейін санитарлық авиациямен Петропавл қаласына жеткізілді.
Қазіргі уақытта науқас облыстық балалар ауруханасында ем алуда. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Оқиғаның себебі анықталып жатыр. Білім басқармасы болған жайтқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.