СҚО-да перзентхана жабылатын болды

1270

СҚО-да перзентхана жабылатын болды

Солтүстік Қазақстан денсаулық сақтау департаментінің алқа отырысы  №3-ші қалалық аурухана жанындағы перзентхананы жабу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды egemen.kz.
2016 жылы санитарлық нормаға сай келмегендіктен бұл нысанның есігіне қара құлып салынған болатын. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылған перзентхана тағы да өз жұмысын тоқтатты.

"20  төсекке шақталған перзентханада екіқабат әйелдерге жан-жақты жағдай жасалған. Оны жабу тиімсіз",- дейді  перзентхана бөлімшесінің неонатологы Наталья Помазанова.

Перинаталдық орталық мамандарына түсетін салмақты азайту үшін перзентхана 2011 жылы ашылыпты. Мұнда жүкті әйелдерге тек 2-ші деңгейлі көмектер көрсетіледі. Яғни, патологиясы барлар бұл перзентханада босана алмайды. Себебі, нысанда жан сақтау бөлімі жоқ.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бала туу көрсеткіші төмендегендіктен бұл кереуеттердің өзі кейде бос тұратын көрінеді. № 3-ші қалалық аурухананың бас дәрігері Ержан Әбуғалиевтың айтуынша, орташа есеппен перзентханада күніне 3-4 нәресте дүниеге келеді. Яғни, жылына 1200 сәби туады деген сөз. Бұл нормадан 3-4 есе аз. Сондықтан, мекеменің құрылымын өзгерту үшін осындай шара қолдануға тура келген. Бұған қоса,  жұмыс істейтін мамандардың басым бөлігі перинаталдық орталықтікі.

Ғимараттың перзентхана орналасқан қабатында оңалту орталығы құрылады. Өйткені  мұндай қызмет  көрсететін мекеме қалада жоқ.

"2017 жылы перзентханаға  106 милион тенге көлемінде қаражат жұмсалды. Оның  84 миллионы ғана  өзін-өзі ақтады. Кереуеттер бос болғандықтан, қаржының 21 пайызы босқа шығындалды. Бюджеттен бөлінген бұл қаражатты басқа мақсаттарға жұмсаймыз", - дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дәуренбек  Бейсембаев.

Құзырлы орган мамандары перзентхананың жабылуынан жүкті әйелдерге көрсетілетін қызметтің сапасы төмендемейтініне, 160-тан астам кереуеті бар перинаталдық орталық сұранысты толық ақтайтынына сендіріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу