Солтүстік Қазақстан облысында кей өзендердің су деңгейі бір тәулікте метрлеп көтеріліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазгидромет" кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, бір тәулікте Шарлық өзені Рузаевка ауылының маңында 153 см-ге, Андреевка ауылының маңында 93 см-ге, Аққанбұрлық өзені Возвышенка елді мекенінің маңында 128 см-ге көтерілген. Бабық Бұрлық, Иманбұрлық, Мұқыр өзендерінің де суы біртіндеп көтеріліп жатыр.
Ал Шөптікөл ауылының маңында Есіл өзені суының деңгеі өткен тәулікте 76 см-ге, Дружба елді мекені маңында 57 см-ге, Тоқсан би ауылында 33 см-ге жоғарылаған.
Сергеев су қоймасында су деңгейі өткен тәулікте 8 см-ге артты. Қазір гидрологиялық нысан 97,5% толып тұр.
Синоптиктердің болжамынша, жылы ауа райы алдағы күндері сақталады. Ертең өңірдің оңтүстік аудандарында сынап бағанасы +20 С градусқа дейін көтерілмек.