СҚО-да су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін

186

Сергеев су қоймасы 149 пайызға толды. 

СҚО-да су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін Фото: qaz-media.kz

Бұл туралы республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай тұрақты түрде күрделі болып отыр. Сергеев су қоймасы 149 пайызға толды, су бөгет шыңынан 261 сантиметрден асты, тәулігіне 9 сантиметрге төмендеу байқалады. Соған қарамастан Ақмола облысынан су тасқынының екінші толқыны келе жатыр. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда су бірнеше сантиметрге көтерілді", - деді Евгений Журавлев.

Өңірлік ТЖД баспасөз хатшысының дерегінше, Есіл ауданында су төмендеді, Қызылжар ауданында Петропавлға қарағанда су деңгейінің көтерілуі төмен болып тұр. Кожевенный зауыты мен Подгора шағын ауданындағы үйлерді су басып жатқан жоқ.

"Бүгінде облыс бойынша 2 401 үй, 1 115 аула аумағы су астында қалып отыр. 12 235 адам эвакуацияланды, оның ішінде 2 919 бала бар. Бір тәулікте 1 890 адам эвакуацияланды, оның 591-і балалар. 44 адам үйіне оралды. 3,5 мыңға жуық мал қауіпсіз жерге көшірілді. Қызылжар ауданының Тепличное, Прибрежное ауылдарында 565 үй су астында қалды, 2287 адам эвакуацияланды. Су аздап төмендеді. Соңғы тәулікте су Большая Малышка, Соколовка, Вишневка, Ольшанка ауылдарына келді, онда 317 үй су астында қалды, 1562 адам, оның ішінде 299 бала эвакуацияланды", – деп жалғастырды баспасөз хатшысы.

Облыста 30 эвакуациялық пункт бар. Алайда адамдардың дені туыстарының үйінде орналасуды жөн көреді, деп жалғастырды спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу