Петропавлда 66 жастағы зейнеткер онлайн алаяқтардың құрбаны болды.
Қылмыскер әйелге қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған. Ол зейнеткерге мүлкіне алаяқтар қол сұғуы мүмкін екенін айтып, оларды әшкерелеу үшін екі пәтерін "жалған мәміле" арқылы сату керектігіне сендірген. Сондай-ақ бұл "құпия операция" екенін алға тартып, ешкімге айтпауын талап еткен.
Зейнеткер баспанасын сатып, ақшаның бір бөлігін алаяқ көрсеткен шотқа аударып, қалғанын курьерге берген. Курьер 27 млн теңгені Астанаға жеткізген. Қылмыстық топтың әрекетін жедел анықтаған тәртіп сақшылары қаражатты шетелге жөнелтілмей тұрып тәркілеп, иесіне қайтарды.
Полицейлер зейнеткер банк чектерін сақтағаны үшін азаматтық іс арқылы қалған соманы да қайтарып ала алатынын айтты.
Қазір алаяқтық дерегі бойынша жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр.
Полиция тұрғындарға WhatsApp арқылы құқық қорғау органдары атынан келген қоңырауларға сенбеуге және қаржылық операциялар жасау туралы ұсыныстарға сақ болуға кеңес береді. Мұндай жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты ресми органнан нақтылап алған жөн.
Айта кетейік, бұған дейін тәжірибелі адвокат Елена Игнатенко да осындай жағдайларда қалай әрекет ету қажеттігін түсіндірген болатын.