Петропавлда жоғалған 8 жасар қыз алты сағаттан кейін аман-есен табылды, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметі.
Балдырған қыз таңертең сағат 10.00 шамасында дүкенге кетіп, үйіне оралмаған. Әбігерге түскен ата-ана баласын өздері іздеп табуға тырысқан. Алайда 4 сағат іздеп, одан еш нәтиже шықпағаннан кейін полицияның көмегіне жүгінген.
Жедел кезекші шұғыл жедел уәкілдердің, учаскелік полиция инспекторларының, ювеналдық полиция қызметкерлерінің жеке құрамын көтерген. Барлық аумақтық бөліністерге бағдар жіберілді. Полицейлер аулаларды, саябақтарды тексеруге кірісті.
Қызды полицейлер екі сағаттан кейін тапты. Я.Гашек көшесіндегі аулаға жақын маңдағы Жеңіс саябағынан мектеп оқушысын учаскелік инспектор Оңалбек Әбдікәрімов пен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор Нариман Тәшімов байқаған. Ангелина онда екі қыз баламен ойнап жүріпті.
Қазіргі уақытта қыз бала үйіне аман-есен қайтарылды. Баласы табылып, қуанған ана көз жасына ерік беріп, полицейлерге алғысын білдірді.