Осы ретте ең алдымен, "Eurasian Milk" сүт зауытына ат басын бұрды. Бұл облыстағы қатты ірімшік түрін өндіретін жалғыз кәсіпорын.
Жұмыс барысында Министр қоюлатылған сүт өндіру цехын іске қосу шарасына қатысты.
Қуаттылығы жылына 12 мың тоннаны құрайтын жобаның инвестиция көлемі 5,2 млрд теңге. Кәсіпорын технологиялық жарақтандырылу жағынан республика көлемінде алдыңғы қатарда, яғни барлық өндірістік желілер жетекші еуропалық өндірушілерден жеткізілген. Өндіріс тек Солтүстік Қазақстан облысы фермерлерінен жеткізілетін шикізаттан толықтай табиғи әрі жоғары сапалы өнім шығаруға бағытталған.
Өндіріс қуаттылығы өнімді барлық өңірлерге жеткізуге мүмкіндік береді.
"Мұндай өндірісті іске қосу Президенттіміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалуының тағы бір нақты дәлелі. Бұл – жаңа жұмыс орындары, инвестициялар мен қосылған құн, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға қосылып жатқан үлестің көрсеткіші. Әсіресе, кәсіпорынның жергілікті шикізатты және заманауи технологияларды пайдалануы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады", – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Одан кейін Министр "Жасыл Солтүстік" жылыжай кешеніне барды. Бұл өңірдегі төртінші буын санатындағы жалғыз жылыжай.
Жоба 2022–2023 жылдары қолға алынды. Инвестицияның жалпы құны 7,2 млрд теңге, оның ішінде 5,8 млрд теңге "Солтүстік" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация (ӘКК) арқылы қарыз қаражаты ретінде тартылған.
Жылыжай кешенінің аумағы 3,7 гектар.
Қазіргі уақытта жылыжайда қияр өсірілуде, болашақта өнім түрлерін кеңейту жоспарланып отыр. Кешенде жылына 3 мың тоннаға дейін қияр өндіру мүмкіндігі бар, бұл өңір қажеттілігінің 30%-ын қамтамасыз етеді.
Алынған өнім облыстың сауда желілеріне нарықтық бағамен жеткізіліп, маусымдық бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Осы күні Айдарбек Сапаров "Qyzyljar" арнайы экономикалық аймағы аумағында ашылған саңырауқұлақ фермасының да тыныс-тіршілігімен танысты. Отандық инвестордың бастамасымен жүзеге асырылған жоба өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған. 11 млрд теңге инвестицияның жартысы СҚО тәжірибесін тираждауды қоса алғанда, мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы қарастырылған.
Өндіріс Польшада шығарылған заманауи жабдықтармен жарақтандырылған, материалдар Еуропадан әкелінген. Жобалық қуатқа шыққаннан кейін ферма жылына 2 400 тонна шампиньон және 4 000 тонна компост өндіре алады, бұл елдегі саңырауқұлақ өнімдеріне деген сұраныстың шамамен 25%-ын қамтамасыз ете алады. Жоба аясында 65 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Министр мұндай қадамдар агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, отандық инвесторларды қолдау және жоғары қосылған құны бар заманауи өндірістер құру жөніндегі жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.