СҚО: Елді мекенді тасқын судан қорғау үшін мұнда арнайы бөгет тұрғызылуда

564

 Дамбаның биіктігі 6 метрді құрайды.

СҚО: Елді мекенді тасқын судан қорғау үшін мұнда арнайы бөгет тұрғызылуда Фото: Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Инженерлік жұмыстар 1 апта бұрын басталған.  40 адам мен 6 бірлік техниканың көмегімен дамба тұрғызылуда. Ені 8 метрге жететін, ұзындығы 1 шақырымдық бөгетті салу үшін 5,5 мың текше метр балшық әкелінген. Айта кетейік, Тепличное ауылында 300-ге жуық үй бар. 

– Қызылжар ауданының аумағында су басуы мүмкін 15 ауыл бар. Үшеуіне еріген қар суы келуі мүмкін, ал қалғаны Есіл өзеніне жақын орналасқан. Қазір топырақтан үйінді бөгет жасау жұмыстары Бескөл мен Семипалатное ауылдарында жүргізіліп жатыр, - дейді  Қызылжар ауданы әкімдігінің жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау жөніндегі бас инспекторы Ахметхан Тобылбаев.

Іске жұмылдырылған 40 адамның 20-сы – әскерилер. Барлығы бірігіп инертті материалмен толтырылған 12 қап әзірледі.

– Жұмыстар Семипалатное, Новоникольское мен Соколовка ауылдарында жүргізілуде. Ол жерлерде де қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инертті материалмен толтырылған қапшықтар дайындалып жатыр. Қазіргі таңда Сергеевка мен Новоникольскоеға су жетті, - деді ЖАНАТ ДОНАНОВ, Қызылжар аудандық ТЖБ бастығы.

Есіл өзенінің тасуына байланысты облыс орталығындағы 3 шағын ауданды су басу қаупі жоғары. Онда 5 мыңнан астам адам тұрады. Атап айтқанда, бұл Ойқала, Былғары зауыты мен Заречный кенттері. Соңғысында 2020 жылы ұзындығы 1,5 мың метрді құрайтын үйінді бөгет салынған. Оның биіктігі 3 метрге жуықтайды. Бөгетті мамандар жыл сайын тығыздап, нығайтып отырады.

– Жыл сайын бөгетті ақ сазбен тығыздаймыз. Биыл бұл іске 15 адам мен 10-нан астам техника тартылды. Шаруаға өткен аптада кірістік. Екі-үш күнде аяқтаймыз, деп хабарлады "Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш" КМК директорының орынбасары.

Сондай-ақ, Қызылжар ауданында 13 эвакуациялық қосын құрылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу