Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі оңтүстіктен солтүстікке көшетін азаматтар үшін жеңілдік қарастыруда. Банк қоныс аударушыларға тұрғын үй бағасының 50 пайызынан төмен бағада баспана алуға мүмкіндік жасап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәлімдеуінше, солтүстікке көшуге ниет білдіргендерге мемлекеттен ауқымды көмек көрсетіледі.
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, соңғы 3 жылда Мақтаарал ауданының тұрғындары 272 мың адамға көбейген. Сарыағаш ауданында бұл көрсеткіш 100 мың адамды құрап отыр. Аталған көрсеткіштерді азайту мақсатында алдағы 5 жылда 22 мыңнан астам отбасыны солтүстік өңірге көшіру жоспары бар.
Айта кетсек, тұрғындарды солтүстікке көшіру бағдарламасы басталғалы бері аталмыш аймаққа 58 904 отбасы қоныс аударып, олардың 40 пайызы оңтүстік өңірден келгендер болып отыр. Бұл өз кезегінде ел тұрғындарының белсенділіктерінің жоғары екендігін көрсетеді. Сондықтан болашақта бұл көрсеткіштерді төмендетпеуге күш салынуда. Осыған қарай жұмыс орындары мен берілетін жеңілдіктерге қатысты кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Солтүстікке көшу жөнінде шешім қабылдаған кез келген азамат бар басымдықтарды пайдалана алатынын айта кету керек.