СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов пен Омбы облысының губернаторы Александр Бурков Челябiде өткен Қазақстан мен Ресей өңiраралық форумының аясында ынтымақтастық жөнiндегi екi жақты қосымша келiсiмге қол қойды. Құжатта барлық бағыттар бойынша бағдарламалар қабылданып, нақтыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
СҚО Ресей өңiрлерiмен тығыз қарым-қатынас орнатқан, оның iшiнде Омбы облысымен тығыз байланыста.
Александр Бурков қазiр Қазақстанның солтүстiк аймақтарымен сауда айналымы зор екенiн, оның көлемi 240 млн долларға жеткенiн атап өттi.
"Бүгiн бiз СҚО-мен қосымша құжатқа қол қойдық. Онда ауыл шаруашылығы, бiлiм, мәдениет, кәсiпкерлiк салаларында атқарылатын шаралар нақты жазылған. Екi жақты келiсiм 2017-2020 жылдарға арналған. Машина жасау және агроөнеркәсiп бойынша бiраз iс тындырылды. Бiз жай ғана сауданы емес, терең өңдеудi айтып отырмыз", — дедi Александр Бурков.