СҚО-ның Тайынша ауданында ауылдағы алғашқы сервистік әкімдік іске қосылды

576

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.

СҚО-ның Тайынша ауданында ауылдағы алғашқы сервистік әкімдік іске қосылды

Ведомство басшысы сапар барысында ең алдымен Келлер ауылына ат басын тіреп, ауыл халқы үшін маңызды оқиғаға айналған "Ашық әкімдік" фронт-кеңсесінің ашылуына қатысты.

Бұдан былай Келлер ауылдық округінің тұрғындары әкім аппаратының мамандары мен ветеринарлық дәрігердің көмегіне фронт-кеңсе арқылы жүгіне алады. Оған қоса орталық өтініштерді қабылдау секторы, өзіне-өзі қызмет көрсету орны және әлеуметтік роликтерді тарататын экранмен жабдықталған.

"Мен ауыл халқына мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді ету үшін жақсы жағдай жасалған деп есептеймін. Қолға алынған жұмысты одан әрі жетілдіру қажет. Тұрғындарды цифрлық сауаттылыққа үйретудің маңызы зор. ХҚКО тәжірибесіне сай, төлемдер үшін банкоматтар мен терминалдар орнатуды жолға қою керек" – деді Алик Шпекбаев.

Агенттік Төрағасы мемлекеттік қызмет көрсетулерді автоматтандырудың маңыздылығына назар аударды. Антикор басшысы Президенттің тапсырмасымен халықаралық стандарттарға сай болу үшін мемлекеттік қызмет көрсетуді 100% электронды нұсқаға аудару қажеттігін ерекше атап өтті. Электронды үкіметтің дамуы бойынша бүгінгі таңда Қазақстан БҰҰ елдері арасында 194 мемлекеттің ішінде 28-орында тұр. Бұл республикада цифрландырудың даму қарқынының жылдамдығын дәлелдейді.

"Ашық әкімдік" қоғамдық қабылдау түрінде де қызмет атқарады. Енді тұрғындар мәселелерін шешу үшін ауылдық округ әкіміне бірінші қабаттағы "open space" кабинеті арқылы бірден жүгіне алады. Жеке қабылдауға ниет білдірушілер үшін бұл өте қолайлы.

"Біздің мақсатымыз – түрлі қызметтер мен кеңестерді бір орында көрсету арқылы азаматтардың уақытын үнемдеу. Бұған дейін мәселені шешу үшін шартты түрде 10-15 күн қажет болса, бүгінде ауылдан шықпай-ақ небәрі 2-3 күн ғана кетеді" – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Орталықтың ашылғанына ауылдық әкімдік мамандарымен қатар ауыл тұрғындары да дән риза. Қуаныштарын жасырмаған ақсақалдар енді көмекке жүгіну үшін аудан орталығына ат терлетудің қажеті жоқ дейді. Айта кету керек, Келлер ауылы бұрын аудан орталығы болған.

Сондай-ақ Агенттік төрағасының бағдарламасында Петропавл қаласындағы "AGROKÓMEK" сервистік орталығының ашылуы да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу