СҚО полицейлері интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында челлендж бастады

1071

СҚО-да жыл басынан бері 150-ден астам интернет алаяқтық тіркелді.

СҚО полицейлері интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында челлендж бастады

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында челлендж бастап, волонтерлермен бірге ауыл-ауылды аралай бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы уақытта интернет-алаяқтықтың саны еселеп өскен.

Осыған орай полицейлер волонтерлердің, прокуратура қызметкерлерінің көмегімен челлендж бастады.

Бастаманың авторы - Мамлют ауданы полиция бөлімі басшылығы.

Леденёво ауылына келген топ осындағы 178 шаңырақтың әрқайсысында болып, тұрғындарға алаяқтықтың кең тараған айла-амалдары туралы айтып берді, сондай-ақ профилактикалық кітапшалар таратты.

Челленджді Воскресеновка ауылдық округіне табыстады.

"Биыл аудан аумағында бір интернет-алаяқтық тіркелді. Ер адам "Mazda" автокөлігіне қосалқы бөлшектер сататыны жайында интернетке хабарландыру берген алаяққа 180 мың теңгесін аударған. Алдын ала төлем алған алаяқ, байланысқа шықпай қойған. Қазіргі уақытта қылмыстың беті ашылып, жәбірленушіге шығын толығымен өтелді. Біздің міндетіміз – халықты қауіп туралы алдын ала ақпараттандыру", - дейді Мамлют ауданы полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов.

Мамандардың айтуынша, соңғы кезде алаяқтықтың белең алған түрі – "банк қауіпсіздік қызметкері болып телефон соғу".

Сондай-ақ қылмыскерлер бұрынғысынша алдын ала төлем жасауды талап етумен тауарлар сату туралы жалған хабарландырулар беруді кеңінен қолданады.

Интернет арқылы заттарын сатып жатқан адамдарға қылмыскерлер өздерін сатып алушы ретінде таныстырып, WhatsApp арқылы жеткізу қызметі сайтына сілтеме жолдап, өтінімді растауын сұрайды.

Онда енгізілген мәліметтер қылмыскерлердің олжасына айналады және ол арқылы құрбандарының есеп шоттарына қол жеткізеді.

Жыл басынан СҚО-да 150-ден астам интернет-алаяқтық тіркелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу