СҚО тұрғыны алаяқтық жолмен таныстарынан 7 млн теңгеден астам ақша алған

504

Қаскөй алаяқтық жолмен алынған ақшаны құмар ойындарға салған. 

СҚО тұрғыны алаяқтық жолмен таныстарынан 7 млн теңгеден астам ақша алған Фото: ferra.ru

Петропавлда таныстарын алдау арқылы 7 млн теңгеден астам ақша алған алаяқ сотталды, деп жазады inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

24 жастағы қала тұрғыны 2018 жылдан бастап бірнеше жыл бойы түрлі сылтау айтып, таныстарынан ақша алған. Мәселен, танысының біреуін шетелдік банкте тұрған ақшасын алу үшін міндетті алымды төлеу керек деп сендіріп, одан қарыз алған. Екіншісінен автокөлікті жөндеу, одан кейін басқасын сатып алу және көлікті қайта тіркеу үшін ақша сұраған. Бұдан бөлек таныстарының бірін банктік деректемелер мен қосымшаның паролін сеніп тапсыруға көндірген көрінеді. Осылайша ол танысының атынан несие ресімдеген.

Барлығы 7 адам алаяқтың құрбаны болып отыр. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 7 миллион теңгеден асады.  

"Қаскөй тергеу барысында алаяқтық жолмен алынған ақшаны құмар ойындарда жоғалтқанын мойындады. Бұл оның қарыздарының өсуіне әкелді. Ол таныстарының қаржылық және құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, оларды алдаудың түрлі тәсілдерін ойлап табады. Бүгінде ол 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр", - деп хабарлады Петропавл қаласы Полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу