Солтүстік Арал теңізінің деңгейі 44 метрге дейін көтерілетін болады

Бүгінде жобаның екінші кезеңі әзірленіп жатыр.  

Солтүстік Арал теңізінің деңгейі 44 метрге дейін көтерілетін болады Фото: nu2017.wordpress.com

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Онда Көкарал бөгетін қайта құру және Солтүстік Арал теңізі деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру көзделген. 

Еске салайық, Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Кіші Арал теңізін сақтау және гидроэнергетика әлеуетін пайдалану мәселесін айтқан болатын. 

– Арал теңізін сақтау мәселесі мемлекеттік су саясатының басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім – он жылдық келіссөздердің нәтижесі. Осылайша, Қазақстан көршілес мемлекеттердің барлығымен трансшекаралық су мәселесі бойынша құқықтық база қалыптастыруды аяқтады. Осы құқықтық негізде екіжақты комиссиялар құрылып, тұрақты өзара іс-қимыл мен үйлестіру қамтамасыз етіледі, – деді министр Үкімет отырысында.

Дәл осы су дипломатиясы мен Сырдария өзеніндегі су қоймаларының келісілген жұмыс режимінің арқасында соңғы су аз жылдары да Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су түскен.

Нәтижесінде Солтүстік Аралдың көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден қазіргі 23 млрд текше метрге дейін ұлғайып отыр. 

– Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеу аяқталып қалды. Бұл Көкарал бөгетін қайта құруды және теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруді көздейді. Нәтижесінде Солтүстік Аралдың ауданы 3 913 шаршы шақырымға, ал көлемі 34 млрд текше метрге дейін артады. Теңізді осы белгілерге дейін толтыру үшін 4-5 жыл қажет, – деді Н.Нұржігітов.

Сонымен бірге, министр өңірде су үнемдеу технологиялары белсенді енгізіліп келе жатқанын сөз етті. Соңғы жылдары Түркістан және Қызылорда облыстарында 143,1 мың гектар жерге енгізілген, бұл шамамен 500 млн текше метр су үнемдеуге көмектескен.

– Қазір Көкарал бөгеті мен Арал бассейнінің бүкіл су шаруашылығы секторының жобаларын жүзеге асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Биыл жыл соңына дейін іс-шараларды жүзеге асыруға қаржы тарту жоспарланған, – деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу