Жауапты мамандар жағдайды өңірдің биыл рекордтық өнім алумен байланыстырады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
СҚО-ның астық қабылдау кәсіпорындарының 6,9 миллион тонна дақыл қабылдауға қауқары жетеді. Десе де, мұның өзі тапшылық тудырып, дақылдың далада қалуына себеп болып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменовтің айтуынша, қоймаларда өткен жылдан қалған өнімдер де бар.
– Биылғы рекордтық жақсы өнім, сондай-ақ өткен жылдардан қалған 1,5 млн тоннаға жуық астық, соның ішінде 800 мың тоннасы элеваторларда жатқандықтан, дәнді дақылды қабылдап, сақтауда түзету енгізді. Қазір 46 элеваторда 2 млн тонна бидай бар, оның ішінде 541,8 мың тонна азық-түлік корпорациясына тиесілі. Яғни, 65% толық, – дейді ол.
Маманның сөзіне сенсек, элеваторлар астық қабылдауды тоқтатуға мәжбүр. Яғни, дақылдардың сапасы, ылғалдығы жұмыс процесіне кері әсер етеді.
– Кейбір элеваторлар шаруашылықтардан жаңа астық партияларын қабылдауды тоқтатты, өйткені дақылдардың сапасы, ылғалдылығы әртүрлі. Осыған байланысты қоймаларда көбірек орын және уақыт алады. Кейін қабылдау қайтадан басталады. Толтырылған элеваторлар астықты жөнелтуіне, босатылуына қарай қабылдайды. Мысалы, 1,5 мың тоннаны жөнелтсе, тиісінше 1,5 мың тоннаны қабылдайды, – деп сөзін түйіндеді Жалғас Сүлейменов.