Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 308 әлеуметтік нысан толығымен бейімделген

380

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында 418 әлеуметтік инфрақұрылым объектілері бейімделді. 

Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 308 әлеуметтік нысан толығымен бейімделген Фото: gov.kz

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, "Аманат" партиясының Жол картасы және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген "Кедергісіз келешек" жобасы іске асырылуда.

Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым объект анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 объект сай келуі қажет. Ал биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 9 128 объект бейімделді.

Солтүстік Қазақстан облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1294 объектіні бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 объектінің 418-інде жергілікті атқарушы органдар бейімдеу шараларын жүргізді.

Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталған 418 нысанның 308-інің толық бейімделгені расталды.

Мәселен, өңірде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді:

  • мемлекеттік мекемелер – 66 (24 әкімдік, 4 облыстық басқарма, жергілікті атқарушы органдардың 8 бөлімі, 2 мәслихат, 8 Сот, 4 аудандық басқарма және бөлім, 5 полиция бөлімі, 2 департамент, 3 прокуратура, 6 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы);
  • денсаулық сақтау объектілері – 29 (6 емхана, 11 аурухана, 5 медициналық орталық, 5 дәрігерлік амбулатория және медициналық пункт, 2 стоматология);
  • білім беру объектілері – 112 (88 мектеп, 2 университет, 12 колледж, 10 балабақша);
  • әлеуметтік инфрақұрылымның өзге де объектілері – 101 (7 банк филиалы, 6 пошта бөлімшесі, 6 мәдениет үйі, 1 әлеуметтік оңалту орталығы, 9 сауда үйі, супермаркет және СОО, 1 мейрамхана, 8 дәріхана, 1 автовокзал, 3 теміржол вокзалы, 3 спорт кешені, 8 спорт мектебі және т. б.);

110 объект ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша 725 бұзушылық анықталды: есту қабілеті бұзылған адамдар үшін – 180; көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 202; тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін – 172, кресло-арбамен қозғалатын адамдар үшін – 171.

Осы жылдың соңына дейін аталған бұзушылықтар толығымен жойылады, объектілердің меншік иелерімен бейімдеу жөніндегі іс-шараларды аяқтау үшін түсіндіру және консультациялық жұмыстар жүргізілді.

Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін тағы 358 объектіні бейімдеу жоспарлануда.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 64 тексеру жүргізілді, Оның ішінде: 29 – өтініштер бойынша және нұсқаманың орындалуын бақылау бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексерулер, 35 – профилактикалық бақылау шеңберінде тексерулер.

Тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 35 ұйғарым берілді, 4 млн 554 мың теңгеге 16 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу