Солтүстік Қазақстан облысында жол қауіпсіздігін бақылау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полицейлер дрондарды пайдалана бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Дрондар темекі шегуге тыйым салынған жерлерде ереженің бұзылуын, абаттандыру талаптарының сақталмауын, сондай-ақ жүргізушілердің көлік басқару кезінде телефон пайдалануы мен қауіпсіздік белдігін тақпауы сияқты құқық бұзушылықтарды тіркей алады.
Қаладан тыс жерлерде дрондар жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуын анықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневр жасау ережелерін бұзу, жарық шамдарын дұрыс пайдаланбау сияқты фактілер тіркеледі. Мұндай деректер дереу жақын маңдағы полиция жасағына жолданып, патрульдік полиция тиісті шаралар қабылдайды.
– Заманауи техникалық құралдарды қолдану – "Заң мен тәртіп" қағидатын тиімді жүзеге асырудың маңызды бөлігі. Дрондар айыппұл санын арттыру үшін емес, жолдар мен көшелерді баршаға қауіпсіз ету үшін қолданылады. Бұл – қауіпті жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың тыныштығы мен жайлылығы үшін жасалған тағы бір қадам. Бұл жұмыс полиция мен прокуратураның тығыз өзара әрекеттестігі арқылы іске асып жатыр, – деп мәлімдеді тәртіп сақшылары.