Өңірде су тасқынының қайталану ықтималдығы өте жоғары, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әсіресе, Петропавл қаласы, Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандарында табиғи апат қаупі жоғары деп бағаланып отыр. Тайынша, Ақжар, Уәлиханов, Тимирязев және Айыртау аудандарында қауіп "орташа" деп бағаланды. Ал, Мамлют, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев және Аққайың аудандарында тасқын қаупі төмен.
Мамандардың айтуынша, қардағы ылғал қоры көпжылдық көрсеткіштен 40 пайызға төмен, ал топырақтың қату тереңдігі былтырғымен салыстырғанда жоғары.
Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында 27 гидробекет тұрақты жұмыс істеп тұр. Онда қар қалыңдығы, құрамындағы су мөлшері есепетеледі.
"15 ақпаннан бастап қардың қалыңдығын 5 күн сайын өлшейміз. 1 наурыздан күнде гидроллогиялық бюллетень жасалып, жауапты органдарға жолданады. Ақпан айының соңы мен наурыз айында қар әдеттегі мөлшерден көп жаууы мүмкін. Су тасқыны бойынша негізгі болжам наурыз айының басында жарияланады", – деп мәлімдеді "Қазгидромет" РМК облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Дәурен Қосшығұлов.
Өңірдегі Сергеев су қоймасы 99 пайызға толып тұр.