Қызылжар өңірінде 3087,5 мың гектар егіс алқаптан 5,6 миллион тонна астық жиналып, қамбаға құйылды. Күзгі жиын-теріннің барысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды egemen.kz.
"Жыл сайын елімізде жиналатын астықтың 30 пайызы біздің облысымызға тиесілі. Үстіміздегі жылы өңір диқандары 5,6 миллион тоннадан астам астық жинады. Облыс агроқұрылымдары астық өсіруде озық технологияларды, оның ішінде терең қопсыту әдісін қолданудың арқасында соңғы алты жылда бірінші рет үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді. Гектар берекелігі орта есеппен 18,2 центнерден айналды", - деді Айдарбек Сейпілұлы.
Жаңа өнімді қабылдау және сақтау үшін облыста лицензиясы бар 50 астық қабылдау кәсіпорны дайындалған. Олардың жалпы сыйымдылығы 3,4 миллион тоннаны құрайды. Қалған 3,2 миллион тонна астық агроқұрылымдардың қоймаларында сақталады. Айдарбек Сапаров жергілікті шаруаларға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілгенін тілге тиек етті. Ауыл шаруашылық саласына 44 миллиард теңенің демеуқаржысы көрсетілген. Қазіргі уақытта майлы дақылдарды жинау жұмысы да толық аяқталды.