Жергілікті мессенджерлерде дауыстық хабарлама тарады. Онда әйел ет өнімдерін сатып аларда абай болу керегін ескертеді.
“Туыстарымыздың отбасында бес адам бар. Олардың үшеуі ауылда тұрады. Түнде олар өздерін нашар сезініп, ауырып қалған. Таңға жақын 3 жастағы бала көз жұмды. Ал анасы мен екі қызы жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр. Жағдай барған сайын нашарлауда. Олар сол күні кешке дүкеннен бекон мен тұшпара сатып алған”, – дейді әйел хабарламада.
Әлеуметтік желіде тараған хаттамаға сәйкес 13 маусым күні Қызылжар ауданы Надежка ауылында балалар мен анасы тамақтан уланған.
Отбасындағы ер адамның айтуынша, олар тұшпара жеген соң өздерін нашар сезінген.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған деректі және үш пен алты жастағы екі баланың мерт болғанын растады.
“Полиция Қызылжар өңірінде бүтін бір отбасының уланып, салдарынан екі баланың қайтыс болғанына байланысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Үш туысы мен отбасы мүшелері медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған дерек "Абайсызда адамдардың жаппай улануына әкеп соққан және абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерді бұзу" бабы бойынша соталды тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді", – делінген хабарламада.
Тиісті сынамалар алынып, зертханаларға жеткізілді.