"Damu Start-Up" бағдарламасы мен "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасына қатысудың арқасында "Вторсырье" ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарын сұрыптау кешенін іске қосты, деп хабарлайды "Даму" қорының баспасөз қызметі.
Солтүстікқазақстандық жас кәсіпкер, "Вторсырье" ЖШС компания басшысы Қайыржан Айсин көп жылдан бері қағаз қалдықтарын және қайта өңделетін шикізат жинаумен айналысып келген. Ісін пластик, қағаз, бөтелке, қаңылтыр құтылар мен басқа да қоқыс қабылдау нысандарын ашудан бастаған.
Алматыға жіберген қағаз қалдықтары Петропавлға қайдан "Карина" майлықтары түрінде қайтып отырады. Полиэтиленді Петропавлдағы "Радуга" ЖШС-на тапсырып, одан түйіршіктер мен пластмасса шығарылады.
Біраз тәжірибе жинағаннан кейін, бизнесмен полигонда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорын ашпақшы болды.
Бір айта кетерлігі, Қайыржан "Даму" қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының 2013 жылдан бергі тұрақты клиенті. "Даму" қорының бағдарламалары бойынша оқыуға қатысып, көптеген жобалар мен іс-шараларға да қатысты. "Даму-Көмек" қайырымдылық шарасына да қатысты.
2016 жылдың ақпанында "Вторсырье" ЖШС тіркелді. Компания қызметі - пайдалы қоқысты жинау, өңдеу және сұрыптау.
Сбербанктің кредиттік қаражаты бойынша Қор 73%-дық кепілдік берді. Бұл ақшаға компания 2016 жылдың желтоқсан айында құны 20 млн. теңге болатын жабдықтар сатып алды.
Кешен жылына 40 мың тоннаға дейін қоқыс өңдейді. Алдағы уақытта өндірістік қуатын кеңейтіп, 28 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Қазір мұнда 14 адам жұмыс істейді.