Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақыны ауданындағы Сергеевка қаласында 2017 жылдың екінші жартыжылдығында қант зауыты іске қосылады, деп хабарлады "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне облыс әкімдігінің индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Асанов.
Құны 3,7 млрд теңге болатын жобаны "Трансагро инвест" ЖШС былтыр қолға алған болатын.
"Қазір бірлесіп қаржыландыру мәселесі бойынша Қазақстан даму банкімен келіссөздер жүріп жатыр. Сондай-ақ "Даму" қорының тетіктері арқылы аталған жобаны қаржыландыру жөнінде Петропавлдағы Сбербанк филиалымен де келіссөз жүргізілуде. Қаражат қондырғы сатып алуға қарастырылып отыр", – деп мәлім етті Жеңіс Асанов.
Қант зауыты жергілікті шикізатты пайдаланады. "Трансагро инвест" ЖШС-на 400 гектар жер ұзақмерзімдік жалға берілген.
"Былтыр кәсіпорын ол жерге қант қызылшасын екті. Өнім жоғары болды. Гектарынан 27 тонна тәтті түбір жиналды. Қанттылығы 23%-дан жоғары. Бұл тіпті қант қызылшасын өсіруді кәсіп еткен оңтүстік аймақтың межесімен алғанда өте жақсы көрсеткіш", – деп атап өтті ол.
Зауыт жылына 10 мың тонна қант қызылшасын өңдейді. Бұл солтүстіктің қант қызылшасына сұранысын толықтай өтеуге жетерлік, деді әңгімелесуші агенттікке.