Солтүстік Қазақстан облысына су тасқынына қарсы іс-шараларға көмектесуге барған Түркістан облысының құтқарушысы қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Солтүстік Қазақстан облысының ТЖД мәліметіне сүйенсек, 2 сәуірге қараған түні Тайынша қаласындағы аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде құтқарушы қайтыс болған. Ол - Түркістан облысы ТЖД Өртсөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Сайран ауданының № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Балданов.
"Бекжан Балданов Тайынша қаласына 1 сәуірде Түркістан облысының күштері мен құралдары тобының құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге көмектесу үшін келді. Сол күні кешке жағдайы нашарлағаннан кейін ауруханаға түсті", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, өлімнің себебі миокард инфаркті екені айтылды.
Жауапты органдар марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.