Сот Қарағанды облысында 7 адамның өмірін қиған жол апатына қатысты іске нүкте қойды

81

Сот жүргізушіні жол жүру ережесін бұзды деп танып, оны 5 жылға бас бостандығынан айырды.  

Сот Қарағанды облысында 7 адамның өмірін қиған жол апатына қатысты іске нүкте қойды Фото: Видеодан скриншот

Қарағанды облысы сотында "Алматы – Екатеринбург" трассасында 7 адамның өмірін қиған жол апатына қатысты іс бойынша үкім шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 5 шілдеде "Алматы – Екатеринбург" автожолының Балқаш қаласына жақын, 791 шақырымында болғаны белгілі.

Сот анықтағандай, Kia Sedona автокөлігінің жүргізушісі басқа машинаны басып озу кезінде жол белгілеріне және жолдың жағдайына мән бермеген. Бұрылу кезінде ол көлік құралдарының салмағын өлшейтін жабдық орнату үшін қазылған шұңқырға түсіп кеткен. Салдарынан минивэн темір қоршауға соғылып, өртеніп кетті. Көлікте отырған 7 жолаушы оқиға орнында қаза тапқан. Ал жүргізуші мен тағы бір жолаушы әртүрлі жарақаттармен Шет ауданының ауруханасына жеткізілген.

Сот процесі барысында ер адамның кінәсі толық дәлелденді. Бұған айыпталушының өз мойындауы, куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары және өзге де іс материалдары дәлел болды.

Прокурор жүргізушіні 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленушілердің бірі қаталырақ жаза қолдануды талап етсе, қалғандары айыптаушы тараптың ұстанымымен келіскен.

Сот жүргізушіні ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша – "Жол жүру ережелерін бұзу, абайсызда жеті адамның өліміне әкеп соқтыру" бабымен кінәлі деп таныды.

Үкім шығару кезінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін және оның шын ниетпен өкініп отырғанын ескерді.

Нәтижесінде ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейтін болды. Сонымен қатар ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу