Аудандық әкімдіктің мәліметінше, шалғай ауданда іске асырылатын жобалардың қатарында күн электр стансасын салу қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жобаның құны 50 млн АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар Таскөмірсай кенінің көмірі мен фосфор өңдеу зауыттары салынады. "Созақ Каус" ЖШС-нің өткір сода (каустическая сода) шығару жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұдан өзге, ауданда биыл 4 мектептің құрылысы басталмақ. Шолаққорған мен Созақ ауылынан 10 пәтерлі әлеуметтік қызметкерлерге арналған тұрғын үйлердің құрылысы жүруде.
Ифрақұрылыммен қамту бойынша Созақ ауданында ауыз су құбыры бар 23 елді мекеннің 17-інде ауыз су тәулік бойы беріледі. Қалған 7 елді мекенде тіршілік нәрі уақытпен берілуде. Биылғы жылы аудандық бюджеттен жалпы ұзындығы16,51 шақырымды құрайтын 17 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде Шолаққорған ауылдық округінде қашықтығы 7,1 шақырымды құрайтын 7 көше асфальтталмақ.
"Өңірлерді дамыту" бағдарламасы бойынша жалпы ұзындығы 4,47 шақырымды құрайтын 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.