Степногор маңындағы үш адам мерт болған жол апатына қатысты тың деректер шықты

398

Степногор қаласы маңында жантүршігерлік жол апатынан үш адамның қайтыс болғаны анықталды, полиция іс қозғады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Степногор маңындағы үш адам мерт болған жол апатына қатысты тың деректер шықты Фото: Ақмола облысының Полиция департаменті

Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, наурыздың 23-де Степногор қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде "Тойота Ленд Крузер" жүргізушісі полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы заңды талаптарына бағынбай, одан әрі қозғалысын жалғастыра берген.

Кейін құқық бұзушы өзге көлікке соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Осылайша, ол азаматтардың өміріне қауіп төндірген.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны ұстау үшін соңынан қуды және ҚР "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңының 59 және 61-баптары бойынша көлік құралын мәжбүрлеп тоқтату үшін қызметтік қару қолданды.

Полициядан қашқан құқық бұзушы "Заводская-Өнеркәсіптік аймақ" автожолына шығып, онда жүргізуші мен екі жолаушысы отырған "Ауди В4" автокөлігімен соқтығысты. Салдарынан жеңіл көлікте болған үш адам алған дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

"Жол көлік оқиғасына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізілген медициналық куәландыру "Тойота Ланд Крузердің" жүргізушісі мас болғанын көрсетті. Тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды. "Тойота Ланд Крузер" автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Степногор қаласы маңында жантүршігерлік жол апаты болғаны БАҚ-та жазылған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу