2029 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуын 39%-дан 33%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Су жүйелерін басқару мен тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер қажет. Сондықтан Ұлттық жоба аясында SCADA цифрлық шешімдер жүйесін енгізу қарастырылды. Бұл жүйе су қысымын, шығынды, ақауларды бақылап, желілерді жоспарлы дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су беру және су бұру нысандарын басқаруға арналған цифрлық платформа құрылуда. Ол субъектілерді сенімді байланыс арқылы біріктіріп, деректердің қауіпсіздігін және жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді", – деді Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, аталған шаралар саланы тиімді және тұрақты жаңғыртудың негізі болмақ.
"2029 жылға дейін сумен жабдықтау желілерінің тозуын 33%-ға және су бұру желілерінің тозуын 41%-ға төмендету жоспарланған", – деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін елдегі 10 облыс ауыз сумен 100% қамтамасыз етілгенін жазған едік.